• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық боксшылар Ерболат Сабыр мен Аятолла Такижанов халықаралық турнир жүлдегерлері атанды

Павлодарлық боксшылар Ерболат Сабыр мен Аятолла Такижанов халықаралық турнир жүлдегерлері атанды

 

Ақтау қаласында қазақстандық бокстың негізін қалаушысы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға Қазақстан, Әзірбайжан, Тайланд, Моңғолия мен Өзбекстаннан 130 боксшы қатысты. Павлодарлық бокс мектебі зор үміт артатын Ерболат Сабыр 57 келі санатында барлық қарсыластарды жеңіп, мәртебелі турнирдің чемпионы атанды. Ересектер арасында жаңа белестерді бағындырып жатқан Ерболат медальден басқа, жекелей аталымда көзге түсті.

-Алғашқы кездесуде атыраулық спортшыны 5:0 есебімен жеңдім, кейін Өзбекстанның мықты боксшысымен жұдырықтасып, ол жекпе-жек те 5:0 есебімен аяқталды. Кейін жартылай финалда қостанайлық Айдос Араповпен ең қиын кездесу орын алды, 3:2 нәтижесімен жеңіске жеттім. Финалда Тараздық қарсыласты 5:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир чемпионы атандым. Өте қуаныштымын,-деді жарыс жеңімпазы Ерболат Сабыр.

Сонымен қатар байрақты додаға тағы павлодарлық былғары қолғап шебері Аятолла Такижанов қатысты. Жерлесіміз 75 келіде қола медальді місе тұтты. Жүлдеге іліккен спортшы ұлттық құраманың жаттығу жиынына шақырылды.

-Қазір Шымкент қаласына 17 қыркүйек пен 5 қазан аралығында жиын болады, оқу жаттығу жиындары. Содан кейін бір апта демаламыз да, Нұр-Сұлтан қаласында спаррингтер болады. Азия чемпионатына қатысатын мықтылар іріктеледі,-деп айтуда турнир жүлдегері.

Павлодарлық бокс мектебі төрешілер санатында да көзге түсті Оразбай Шагашев жекелей номинацияда үздік деп танылды.