Павлодарлық боксшылар халықаралық турнирде топ жарды

 

 

 

 

 

Алматы қаласында Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир аяқталды. Дүбірлі додаға Павлодар облысының былғары қолғап шеберлері қатысып, 5 спортшымыз жүлдеге ілікті.

 

Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған дәстүрлі бокстан өткен халықаралық турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қытай құрамасы қатысты. 177 былғары қолғап шебері арасындағы мықты бәсекеде павлодарлық Аятолла Тәкежанов чемпион атанды. Үздік атанған 75 келіден енді ауысамын деп жоспарлап отыр.

 

-Менің бұрыңғы қарсыластарым, барлығымен кездесіп жүргенмін. Қыр-сырларын жақсы білемін. Тактикамен әрекет етіп, жеңіске жеттім. Менің салмағым 75 келі олимпиадалық санатқа кірмейді. Сол қиын болды. Бұрын 10 салмақ еді, қазір 7 дейін қысқартты. 80 келіге дейін көтеру керек, мүмкін 71 дейін түсемін,-дейді жарыс жеңімпазы.

 

Сонымен қатар, павлодарлық құраманың тағы бір тәжірибелі мүшесі Олжас Букаев аталмыш додаға қатысып, күміс медальді місе тұтты. 92 келідегі әр шайқас оңайға соқпады дейді боксшымыз.

 

-Екі алғашқы жекпе-жек ауыр болды. Біріншісінде көп күш жұмсап, шаршадым, бірақ жеңдім. Ал екіншісінде, алғашқы раунда нокдаун алдым. Алайда, алдағы екі кезеңде қарсыласқа соққыларды жаудырып, жеңісті жұлып алдым. Осылайша, финалға дейін біраз күш жұмсадым. Ақтық кезеңде бапкерлер мені жекпе-жекке шығармау жөнінде шешім қабылдады,-дейді турнирдің күміс жүлдегері.

 

Павлодар облысы құрамасы сапында 86 келіде Шаймұрат Құсайынов чемпион атанса, дәл осы аталымда өнер көрсеткен Бауыржан Байгөншеков қола жүлдегер атанды. Отандық боксымыздың болашағы Ерболат Сабыр 57 келі салмағында вице-чемпион атанды.