• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық чемпиондар: Серік Теміржанов және Аятолла Тәкижанов Венгриядағы байрақты додада топ жарды

Павлодарлық чемпиондар: Серік Теміржанов және Аятолла Тәкижанов Венгриядағы байрақты додада топ жарды

 

 

 

Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы 67-ші халықаралық турнир өтті. Ауқымды дода әлемнің бірінші нөмірлі қолғап шеберлері үшін маңызды жарыстар алдындағы мықты дайындық болды. Павлодарлық Серік Теміржанов байрақты додада сенімді жұдырықтасып, финалда Василе Устуроймен күш сынасты. Дәлме-дәл соққыларының арқасында жерлесіміз танымал бельгиялық Еуропа чемпионын тізе бүктіріп, төрешілердің жоғары бағаларына ие болды.

 

-Венгрия елінде жарысымызды ойдағыдай тәмәмдадық. Қолдауларыңызға рахмет,-деп алғыс білдірді Теміржанов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

 

Сонымен қатар, 75 келі салмақта тағы бір павлодарлық боксшы финалға дейін жетті. Аятолла Тәкежанов ақтық сында кәрі құрлықтың екі дүркін чемпионы украиналық шебер Иван Папакинмен күш сынасты. Қарсыластың жойқын соққыларына төтеп берген жерлесіміз, маңызды жеңіске қол жеткізді. Айту керек, рейтингілік турнирде Қазақстан бокс құрамасының 6 спортшысы финалға дейін барып, алтын жүлделерге ие бола алды. Серік пен Аятолладан басқа, команда сапында Теміртас Жүсіпов, Саматәлі Төлтаев, Дулат Бекбауов, Айбек Оралбай чемпион атанса, Ермахан Жақпеков, Дамир Әбдіқадыр мен Дәулет Молдашев қола жүлдегер атанды. Ел құрамасы 1-ші командалық орынға ие болды.