• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық Ернар Ерназарұлы Мәскеуде өткен «Hardcore Fighting» турнирінің 1/4 финалына өтті

Павлодарлық Ернар Ерназарұлы Мәскеуде өткен «Hardcore Fighting» турнирінің 1/4 финалына өтті

Ресейлік «Hardcore Fighting» жұдырықтасу біріншілігінде өнер көрсететін жерлесіміз кезекті жеңіске жетіп, дүбірлі жарыстың ширек финалына өтті. Павлодарлық боксшы Ахмед Магомедовты айқын басымдылықпен тізе бүкітірді.

«Донателло» лақап есімімен бүкіл Мәскеуге аты шыққан павлодарлық Ернар Ерназарұлы «Hardcore Fighting» жұдырықтасып төбелесу турнирінде үшінші кездесуін өткізді. Жерлесіміз осы жолы аралас жекпе-жектегі танымал спортшы Ахмед Магомедовпен күш сынасты. Сарапшылар Ернар бұл кездесуден соң жарыстан шығады деген болжамдар жасаған еді, алайда жергілікті бокс мектебінің тәрбиеленушісі, алаңда өте салмақты өнер көрсетіп, жойқын соққыларының арқасында жеңіске жетті. Төрешілер Ерназарұлына барлық мүмкін ұпайды берді. Қорытынды 3:0. Көк туды көтерген павлодарлық спортшы, жеңілген қарсыласына қазақ елінің ұлттық тағамы бесбармақты сыйға ұсынды.

 

-Қарсыласымыз арасында кішігірім кикілжің болды, мәселеге нүкте қойғым келеді. Ешкімге өкпем жоқ. Сондықтан еліміздің атынан, менің командам атынан, ұлттық тағамымызды, арнайы жасатып, дәм татуға ұсынамын. Дастархан бөлісіп, жанжалсыз, тек жақсылықта бас қосайық. Барлығына рахмет!,-деді спортшы.

 

Ернар бұл жеңісін Республика күні мерекесі мен қатар мерейтойын атап өткен атасына арнады. Ширек финалдағы қарсылас әлі анықталуда. Айту керек, «Донателло» «Hardcore Fighting» турнирінде қалған жалғыз қазақстандық спортшы. Бас жүлде Мәскеудегі пәтер үшін талас жалғасуда.