• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық футболшы қыздар Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері атанды

Павлодарлық футболшы қыздар Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері атанды

«Ақсу» футбол орталығының үлкен қыздар тобы Қазақстан чемпионатындағы финалдық ойындарын өткізді. Бойжеткендер үшін маусым сәтті аяқталып, осы жолы спортшылар қола медальдерге қол жеткізді.

2005-2006 жылғы футбол орталықтары мен академиялары тәрбиеленушілері арасындағы Қазақстан чемпионаты финал ойындары ойдағыдай болмады. Павлодарлық бойжеткендер бірден екі матчта жеңіліс тауып, жүлдесіз қала жаздаған еді.

-Финалдық турдағы қатарынан болған екі жеңіліс үлкен соққы болды. Бірақ, қыздар берілмей күресті. Сондықтан үлкен еңбекпен келген қола жүлде. Бұдан биік нәтижеге ұмтылған едік. Дегенмен, 3 жыл бойы облысқа медаль әкеліп жүрміз. Бұның өзі үлкен жетістік. Қыздарыммен мақтанамын,-деді бас бапкер Ксения Постовая.

Қыздар чемпионаты аясында бар-жоғы 10 матч ұсынылды. Келер жылы біріншілік ойындары әлдеқайда көбірек болады деп үміттенеді. Тәжірибе ауада қажет дейді. Жерлестеріміздің армандары оларды алысқа жетелейді.

-Біздің арманымызға жеттік. Бүгінгі жаттығумен бұндай жетістікке жеттік. Менің арманым Қазақстан құрамасына шақырту алу және әлем чемпионаты ойындарына қатысу. Бұл әр футболшының арманы деп санаймын, -деп ойымен бөлісті команда ойыншысы Әнел Нұрбай.

Команда қола жүлдегер атанса, ұжым сапындағы Аяжан Қожабекова чемпионаттың үздік жартылай қорғаушысы деп жекелей сыйлыққа табысталды. Өкінішке орай, келер маусымға дейін қыздар үшін ешқандай турнир ойластырылмаған, сыртқа шығу қосымша қаражатты қажет етеді. Сондықтан жүлдегер қыздар тек жаттығулармен шектелуге мәжбүр.