• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық жас дзюдошы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды

Павлодарлық жас дзюдошы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды

 

 

Қызылорда қаласындағы Қазақстан чемпионатына Павлодар облысынан 20 дзюдошы аттанды. Өкінішке орай, жерлестеріміздің ішінде жүлдегерлер тұғырына тек Аймар Алшынбаев мінді. 73 келі салмақта ол іріктеуде сүрінбей өтіп, тек жартылай финалда есе жіберді. Десе де, жеңіліске мойымай қола үшін жекпе-жекте барын салып, өмірінде алғашқы рет Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанды.

 

-Ең қиын жекпе-жек Шымкент спортшысына қарсы өтті. Өте сезімтал, жылдамдығы жоғары. Бапкердің дұрыс кеңестеріне құлақ асып, жеңіске жеттім. Трибуна жақтан демеу беріп, алға жетеледі. Бакер мінезіңді көрсет деді. Айтқанын орындадым,-деп жеткізді Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Аймар Алшынбаев.

 

Аймардың жаттықтырушысы жас спортшыға көп үміт артатынын жеткізді.

 

- Болашақта үмітті ақтайтын шәкірттеріміздің бірі. Мақсатына жету үшін барын салады. Жасөспірімдер арасында оқу жаттығу жиындары жоқтың қасы, сондықтан сәті түскенде тәжірибе жинауда осындай жарыстар өте маңызды. Алда ересектер қатарына кіреді, ол жерде жауапкершілік өзге. Дайындаламыз,-деп айтты дзюдо жаттықтырушысыБолат Омашев.

 

Енді Аймар юниорлар арасындағы маңызды додаға дайындық жүргізуде. Чемпионат келе жылы өтеді. Оған дейін іріктеу сайыс Астанада ұйымдастырылады. Дайындық жоғары дейді спортшы.