• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық «Ертіс» футбол клубына голкипер Никита Калмыков оралды

Павлодарлық «Ертіс» футбол клубына голкипер Никита Калмыков оралды

Осы күні құрамадағы негізгі ойыншыларға жаңа келісімдер ұсынылып, өзге де аяқдопшыларды тарту бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Команда алғашқы оқу-жаттығу жиындарын қашан өткізетіндігі де белгілі болды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Футболдан бірінші лигадағы бәсеке жоғары, сондықтан біздің құрама күшейтілуді қажет етеді. Ең бірінші қақпашылар бойынша мәселе қолға алынған екен. Кезінде капитан болған Калмыков өзі тәрбиеленген клубқа қайта оралды.

 

- Никита Калмыковпен біз бірден келісім таптық. Сонымен қатар Михаил Голубничиймен келіссөз жүргізіліп жатыр. Екі тәжірибелі, бір жас қақпашы болады деп жоспарлануда,-деді «Ертіс» футбол клубы директоры Ермек Ермекбаев.

 

Биылғы чемпиондыққа елеулі үлес қосқан «Ертістің» қазіргі құрамындағы ойыншылардың көбісімен келісімшартты ұзарту бойынша жұмыс жалғасуда. Бұдан бөлек, 5 позиция бойынша жаңа ойыншыларды тарту көзделуде.

 

- Бірінші кезекте тәжірибелі қорғаушыларды іздестіріп жатырмыз. Премьер лигада ойнап көрген, жастарға үлгі болатын футболшылар болуы қажет. Әрбір позиция бойынша күшейті жоспарда бар, дегенмен, басымдылық жергілікті футбол мектебінің түлектеріне беріледі,-деді Ермек Ермекбаев.

 

Алғашқы оқу-жаттығу жиындарын «Ертіс» желтоқсан айында Павлодарда өткізеді. Николай Гавриш бастаған штаб бапкерлік жұмысын келер маусымда жалғастыратын болады.

 

Фото: «Ертіс» ФК