• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық «Мұрат» әуесқойлар футбол командасы қазақстан чемпионатында қола медальдерге қол жеткізді

Павлодарлық «Мұрат» әуесқойлар футбол командасы қазақстан чемпионатында қола медальдерге қол жеткізді

Қазақстан футбол әуесқойлары ұйымдастырған 4-ші Қазақстан чемпионаты 40 жастан асқан ойыншылардан тұратын 12 команданың басын қосты. Біздің өңіріміздің намысын «Мұрат» ұжымы қорғады. Жерлестеріміз өз тобында бірінші орын алып, тек жартылай финалда ғана жеңіліс тауып, жүлделі 3 орынға күрес жүргізіп, шығыс қазақстандықтарды 3:1 есебімен артта қалдырды.

 

- Нұр-Сұлтан, Қарағанды командалары өз қалаларында бірнеше жарыстар ұйымдастырып, бізге қарағанда, дайындықтары жоғары болды. Десе де, Павлодар футболдан әрқашанда мықты. Біздің аяқдопшылардан қарсылас ретінде  қорқады, құрметтейді. Сондықтан жігіттеріміз намыс үшін барын салып, осындай жеңіске жетіп отыр, - дейді  команданың өкілі Азамат Қарғожинов.

 

- Өте жоғары дәрежеде өткен жарыс. Бізге қарсы Премьер-Лигада, Қазақстан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен ардагер футболшылары ойнады. Жүлделі орын арқасында әуесқойлар арасында Еуропа чемпиондар лигасына қатыса аламыз. Егер жағдай жақсы болса, бақ сынасып көреміз, - деді команда капитаны Асылбек Құстаулетов.

 

Жасы 40-тан асқан әуесқой футболшылар аталмыш жарысқа достарының қаржылай демеуі арқасында қатысып, облыс атын жоғары дәрежеде қорғай білді. Бұл ретте, құрама сапындағы ел футболының ардагері Руслан Гумар турнирдың үздік ойыншысы болып танылды.

 

- Қазір «Ертіс» жоғары деңгейде ойнамайды. Сондықтан біз ауқымды жарысқа барып, Павлодарда футболдың бар екендігін дәлелдеп, өңірімізде нөмірі бірінші спорт түрі дамып жатқандығын көрсеткіміз келді, - деді  жарыстың үздік ойыншысы Руслан Гумар.

 

Павлодарлық әуесқойлар тұрмыс пен жұмыстан тыс уақыт тауып, дайындыққа көңіл бөлуді ұмытпайды. Бұл ретте, көптен бері өткізілмеген жергілікті жарыстарды тағатсыздана күтіп жүр.