• Басты бет
  • Спорт
  • Шахмат үйі жөндеуден кейін келушілерді қабылдай бастады

Шахмат үйі жөндеуден кейін келушілерді қабылдай бастады

Карантин кезінде Павлодар қаласындағы шахмат үйінде күрделі жөндеу жұмыстары өткізіліп, спорт нысаны өткен жыл соңында қолданысқа берілген еді. Ғимарат іші жаңа дизайнға ауысып, сыныптар 30 компьютер мен LED-экрандармен жабдықталды. Оған қоса төрешілік жасауға ыңғайлы бейнебақылау жүйесі орнатылды. Ең бастысы, оқшауланудан кейін жас шахматшылар қайтадан, үйреншікті жаттығу тәртібіне оралды.

 

- Онлайн ол бір бөлек, ал осылай бала келіп, жаттықтырушымен бірге, ойымен бөлісіп, оқып жүргені, басқаша. Нақты 6 кабинет, 5-тен 30 баланы қабылдай аламыз. Барлығы қазіргі талапқа сай. Балалар келіп жаттығу жасап жүр, - деді №1 жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімше басшысы Шәріп Қашкенов. 

 

 Шахмат сыныптарына балалар кезек-кезекпен келіп отырады. Аптасына 1-2 дәстүрлі сабақ өтеді. Сол себепті онлайн жаттығулар да әлі тоқтаған жоқ. Гроссмейстерлер үшін кездесулердің маңызы зор. Бұл ретте, спортшылар   үйреншікті жарыстарға қатысуды да аңсап жүр.

 

- Қазір біз анықтап жатырмыз, егер 5 адамға жаттығу жасауға рұқсат берсе, жарысқа неше адам кіргізуге болады? Турнир залдары үлкен ғой. Мысалы, 15 бала отырғызуға болады ма? Санитарлық талаптарды сақтап. Өткіземіз ғой, рұқсат болса, - деді Шәріп Қашкенов.

 

Әзірше, нақты жарыс мерзімдерін айту мүмкін емес. Бірақ, жағдай қалыпты болса, ақпан айында кішігірім дода ұйымдастырылуы әбден мүмкін. Бапкерлердің айтуынша, бұл үлкен үзілістен кейін балалардың өз спорттық санаттарын арттырып, тәжірибе алмасу үшін аса қажет.