• Басты бет
  • Спорт
  • Хоккейден Ақсу электр станциясы басшысының кубогы ойнатылды

Хоккейден Ақсу электр станциясы басшысының кубогы ойнатылды

Станция жұмыскерлері ауысымнан кейін бірден ойынға жиналды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Мұндағы әуесқой спортшылардың физикалық дайындығы мығым екені бірден көзге түседі. Өнеркәсіп қызметкерлерінен жасақталған 3 команда кубокқа талас жүргізді. Айта кеткен жөн, «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы басшысының кубогы 2018 жылдан бері ойнатылып келеді.

 

-Аталмыш турнир спорттық дағдылардан өзге достық қарым-қатынасты, командалық рухты нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Әлбетте, уақытты да көңілді өткіземіз. Ойынға жиналған жігіттер өндірісте де, осында да өздерін жақсы қырынан көрсете біледі,-деді «ЕЭК» АҚ электр станциясының операциялық директоры-бас инженері Данияр Шабанбаев.

 

«ЕЭК» АҚ құрамасы биылғы маусымда да сәтті ойын өрнегін көрсетті. Ақтық кезең тартысқа, драмаға толы болды. Алаң иелері «Қазақстан Алюминийі» АҚ-нан 2:5 есебімен жеңіліп жатып «камбэк» жасады. Нәтижесінде, 12:7 есебімен жеңісті тойлады.

 

-Негізгі қақпашыға осындай сәтте қосалқы қақпашы ауадай қажет. Менің қолымнан келді,-«ЕЭК» АҚ «Энергетик» ХК қақпашысы Мақсұт Нұрғалиев.

 

-Команда пас алмасуда, нәтижелі соққы жасауда дәлдік танытты. Жеңіске жетуге тырыстық,-деді «ЕЭК» АҚ «Энергетик» ХК шабуылшысы Данил Чернышев.

 

Ал қола жүлде Ақсу металлургтеріне бұйырды. Ойын соңында барлық қатысушылар дәстүрлі түрде суретке түсті.