Жергілікті футболды қаржыландыру тоқтамайды

Соңғы кезде республикалық БАҚ-тардағы павлодардағы футбол орталығының жабылуы және бапкерлердің жалақысының күрт төмендеуіне қатысты жариялымдар шындыққа жатпайды. Бұл туралы облыстық спорт басқармасының басшысы мәлім етті.

 

- Бұл - тек қауесет әңгіме. Жаттықтырушылардың жалақысы төмендемейді, индекстеуді есептесе, керісінші өседі. Футбол орталығының жүйесі сақталады, жұмысын жалғастырады. Ал қызметкерлерге деген қарыздар жақын арада міндетті түрде қайтарылатын болады, - деді Павлодар облысы туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Рахметолла Қасқырбаев.

 

Бұдан бөлек, спорт шенеуніктері биыл облыстық қазына есебінен футболға бөлінетін қаражат көлемін айтты. Осылайша, өңір намысын бірінші лигада қорғайтын «Ақсу» ФК-на 353 миллион теңге, ал «Екібастұзға» 229 миллион бөлінеді.  Жақында ғана құрылған «Павлодар» командасына 120 миллион  қарастырылған. Ал «Жұлдыз» футбол орталығының қажеттілігіне-399 миллион теңге берілмек.

 

- Біздің командаларымыз Қазақстан чемпионаттарында өнер көрсетуі үшін жеткілікті деп санаймын. Әрбір ұжым алдында мақсат пен міндеттер қойылған. Қаржыландыру мәселесі толықтай жоспарланған. Қазір  мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, - деді Рахметолла Қасқырбаев.

 

Айту керек, кәсіби футбол командалары қоғамдық қор болғандықтан бюджеттен тыс, қосымша демеушілік қаражат іздестіре алады. Бұл іске клуб басшылықтары жауапты болмақ.