«ЕЭК» АҚ Ақсуда қысқы спорт фестивалін өткізді

 

 

Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы басшылығы өз қызметкерлеріне ұмытылмас қысқы спорт думанын сыйлады. Дәстүрге сай компания денсаулық фестивалін ұйымдастырып, таза ауада ойын-сауықтар мен эстафеталық жарыстар өткізді.

 

Ақсу қаласындағы шаңғы базасында Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының ұйытқы болуымен өтетін спорт фестиваліне биыл ERG құрамындағы өзге де құрылым өкілдері қатысты. Өндіріс майталмандары бірнеше спорт түрі бойынша күш сынасты. Жұмыскерлер, әсіресе, шаңғы жарыстарын ерекше сағынып қалыпты. Ата-аналарымен келген балаларға да көптеген қызықтар қарастырылған. Сайыстан бөлек, би билеп, көңіл күйін көтеруге бар жағдай жасалған, нағыз отбасылық демалыс.

 

- Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының қысқы денсаулық күнін атап жатырмыз. Жылда өтеді, жылда қатысамын. Барлықтарына денсаулық тілеймін. Осындай жарыстарға қатысып, дендеріңіз сау, аман-есен жүре беріңіздер,-дейді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы отын-көлік цехының инженері Ерасыл Төлеуханов.

 

Қысқы фестивальде тек эстафеталық жарыстар ғана емес, шығармашылық тапсырмаларға орын табылды. Кәсіпорын қызметкерлері қардан жасалған 3D туындыларын жасау бойынша шеберлік байқасты. Бұл додада нәзікжандар топ жарды.

 

-Жарысқа шығармашылық жасампаздықпен қарап, табиғи материалдардан, өз қолымызбен ақшақар жасадық. Бояп, керемет көңіл күйін сыйладық. Балаларға өте ұнады. Әсіресе балалар аяқ-киімі көңілден шықты,-деді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының жұмыскері Джамиля Сурмий.

 

-Біздің басшылыққа осындай керемет спорт думаны үшін алғыс айтамыз. Өзіңді жаңа қырыңнан көрсетіп, бойыңдағы дарынды қасиеттеріңді таныта аласың,-дейді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы жұмыскері Евгения Бельдяга.

 

«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ тек өндірістік қана емес, спорттық рекордтар да жасауда. Қатысушылар бұндай фестиваль ұжымның берік болуына, жағымды әсер етеді дейді. Сондықтан кәсіпорын басшылығы жұмыскерлердің салауатты өмір салтын ұстануы және бос уақытын тиімді өткізуіне көп көңіл бөледі.

 

- Биыл біз алғаш рет дивизион активіне кіретін әріптестерімізді шақырдық. 2023 жылы «Қазақстан Алюминийі» ЖЭО да бізбен бір энергетикалық дивизионға кірген еді. Өндіріс қызметкерлері қатарымызға қосылып, жарысқа қатысып жатыр. Демалыс күнін жігерлі, керемет көңіл күймен өткізу мақсаты қойлды. Күнделікті жұмыстағы қарбаластан сергіп, күш жинау өте маңызды,-деді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы операциялық директоры-бас инженері Данияр Шабанбаев.

 

Қысқы фестиваль қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұның өзі сайыстың тартысты өтуіне жағымды септігін тигізді. Спорт думанына ат салысып келген әрбір қатысушыны іс-шара соңында керемет тосын сый күтті. Әдейілеп қазанда жасалған палау, көпшілік көңілінен шықты. Бұл фестиваль әлі көп уақыт бойы естен кетпейтін деңгейде өтті.