«Екібастұз» футбол клубы жаңа құрамы 90% жинақталған

 

 

Кеншілер командасы Павлодарда «Спорт сити» алаңында доппен жұмыс жасау және тактиканы меңгерсе, орталық стадионда физикалық дайындыққа назар салады. Күніне екі реттік жаттығу жүйесі. Құрама қатарына қосылған жастар көп. Екібастұздың өзінен 2005 жылғы Рахат Сыздықов қосылды. Өткен жылғы дебютант Арман Варданян да ұжымда. Тәжірибелі ағалары жаңа толқынға жол сілтеп, ақылдарын айтады.

 

-Жастар келгенде қандай командаға келгенін біледі ғой. Үлкен футболда, қандай мақсаттар тұр екенін. Өздері үшін емес, қала намысы үшін ойнайды. Бұл жерде өсуге жақсы мүмкіндік бар, трамплин іспеттес бірінші лигадан «Ақсуға» шақырту ала алады. Өздері де соны түсінеді,-деді «Екібастұз» ФК қорғаушысы Аслан Сүлейменов.

 

Екінші жаттығу жиындары аясында «Екібастұз» 3 жолдастық матч өткізеді. Басында өзара екіге бөліну арқылы спарринг, кейін «Ақсудың» жастар және негізгі құрамдарына қарсы бақылау кездесулері жоспарда бар.

 

-Маңызды өйткені жаттығуларда көрсеткен дүниелерді тексеріп көре аламыз. Спарринг ойындары бізге емтихан іспеттес. Бапкерлерге де белгілі болады, ойыншыларды қарап, кімнің мүмкіндігі қандай екенін байқайды,-дейді «Екібастұз» ФК қорғаушысы Аслан Сүлейменов.

 

Айту керек, «Екібастұз» өнер көрсететін бірінші лига чемпионаты ойындары тек сәуір айында басталады. Оған дейін Валерий Белгібаев қол астындағы команда Алматыда тағы бір жиын өткізуді жоспарлап отыр.