• Басты бет
  • Спорт
  • «ERG Service» қызметкерлері арасында пейнтболдан турнир ұйымдастырды

«ERG Service» қызметкерлері арасында пейнтболдан турнир ұйымдастырды

 

 

Отан қорғаушылар мерекесін атап өтудің ең ерекше тәсілін «ERG Service» кәсіпорны ұйымдастырды. Ұйым қарамағандағы өндіріс ошақтарының қызметкерлері арасында пейнтболдан турнир өткен еді. Додаға қарапайым жұмыскерлер де, басшылық та жекелей құрамаларын жинақтап, атыс алаңында нағыз шайқас болды.

 

«Батыр майданда, ал болат қайнауда шынығады» деген ұранды ұстанған «ERG Service» ЖШС қызметкерлері пейнтбол додасында бас қосты. Оқпен емес, бояумен атыс болса да қауіпсіздік басты назарда. Сондықтан басында қарумен қалай жұмыс жасау керектігі жөнінде нұсқама жүргізіліп, әр ұжым ұрыс тактикасын дайындаумен болды. Алғашқы шайқас кімнің жоспары ұтымды екенін айқын көрсетті. Пейнтбол жарысы «ERG Service» шаңырағында тұңғыш рет өтіп отыр. Қатысушылар қатары сол себепті көп. Әрқайсысы 7 адамнан құралған 6 команда өзара мықтыны анықтады. Бұл ретте, қарапайым жұмыскерлер де, басшылар да белсенді ат салысты. Әскери киім киіп, қолға қаруды алып, шайқасқа шыққанда шен деген жоқ, барлығы теңеседі дейді турнирге қатысушылар. Отан қорғаушылар атыс арасында күш-жігер жинау үшін, кәсіпорын нәзікжандары тәтті тағамдар мен сусындар дайындап, дастархан да ұйымдастырған. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 

-Өте қызықты. Әртүрлі командалар. Бастықтар да, қарапайым жұмыскерлер де бар. Қызықты өтіп жатыр, күшті,-дейді «ERG Service» ЖШС темір шебері Уәлихан Кусманов.

 

-Өте ерекше жарыс. Көбісі өмірінде бірінші рет пейнтбол ойнады. Түрлі жастағы қызметкерлеріміз қатысты. Барлығы турнирге қуана ат салысты. Жиналып, командалар құрған. Басында атыс тез-тез өтіп, уақыт өте келе барлығы асықпай жарыса бастады. Ойын қыза түсті. Ұжымымыздың көңілінен шықты,-деп жеткізді «ERG Service» ЖШС Павлодар машина жасау зауытының директоры Евгений Ивченко.

 

Бұл ойынның талабы жылдам, әрі жұмыла әрекет ету. Қатысушылар ұрыс алаңында жеңіске жетуге тырысты. Өзгелерден оқ бойы озып тұрған, кездескен қарсыластың сағын сындыра білген техникалық бақылау және сынақ зертханасы бөлімінің «10 рота» командасы бас жүлдені қанжығалады. Оларға ақтық бәсекеде лайықты қарсылық көрсете білген, Ақсу қаласындағы жөндеу басқармасы «Алтын орда» жігіттері жүлделі екінші орынды иеленді.

 

-5 ойын өткізіп барлығында жеңіске жеттік. Бірінші кезекте дұрыс таңдалған тактика арқасында. Жігіттер қарсылас қайда, кім ойыннан шығып кетті, барлығын дауыстап айтып отырып, бірлесе әрекет еттік. Әркім позиция бойынша шабуылдады. Нәтижеге қол жеткіздік. Эмоцияға толы шара үшін алғыс айтамыз,-дейді «10 рота» командасының капитаны Дәулен Бекишев.

 

Ал пейнтбол додасының жүлделі үшінші орны Павлодар машина жасау зауытының «Hunters» ұжымына бұйырды. Суырылып шыққан мықтыларға естелік сыйлықтары табыс етілді. Айту керек, жарысты өткізудегі басты мақсат «ERG Service» әріптестері арасында сала өкілдерінің беделін арттырып, ұжымдағы бірлікті нығайту еді.