«Ертіс» хоккей командасының тағдыры қандай болмақ?

Бюджет қысқартылған соң, ойыншы жаңа жұмыс орнын іздестіруге мәжбүр. Себебі ең жоғары жалақы ретінде ұсынылған 150 мың теңгеге пәтер жалдап, жанұясын асыру мүмкін емес. Ал бұндай кәсіби хоккейшіге деген сұраныс жоғары. 

 

- Әріптестерім, өзім үшін, клуб үшін де бұл өте өкінішті жағдай. Керемет команда жиналып еді. Барлығы күресіп, барын салып жатқан еді. Клуб басшылығы, қызметкерлері, жаттықтырушылар маған қатты ұнайтын. Барлық жағдай жасап еді. Павлодар да маған қатты ұнап қалды. Кетуге мәжбүрмін. Бұл өте өкінішт, - деді кәсіби хоккей ойыншысы.

 

Қысқа мерзім ішінде команда сапынан 8 негізгі ойыншы кетіп, олар тез арада қарсылас ұжымдардың келісімдеріне қол қойды. Жанкүйерлер арасында еліміздің 3 дүркін чемпионы болып табылатын клубтың жабылуы жөнінде әңгімелер жүре бастады. Өткен жылы павлодарлық футбол грандының қызметі дәлі осылай тоқтай бастаған еді.

 

- «Ертіс» клубының жабылуы туралы ешқандай мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Әрине, қаржылай оңтайландыру жүзеге асуда. Клуб бұл маусымды соңына дейін ойнайды. Осылай жеңіле беруді жалғастыратын боламыз. Бұндай тенденция тек хоккейде ғана емес. Әйелдер волейбол командасында да осындай жағдай. 8 команданың ішінде 6-шы орындамыз. Төмен жалақыға келісетін өзге қазақстандық ойыншыларды шақырамыз, - деді Павлодар облысы туризм және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев.

 

Облыстық басқарма мәлімдегендей, өткен жылы «Ертіске» 400 миллион теңге бөлінген кезде команданың чемпион атануына тек пандемия әсер етті. Ал биылғы оңтайландырудан кейін демеу көлемі 170 миллион теңгені құрады. Бұндай жағдайда, өз тәрбиеленушілерімізді командада ұстап қалу қиынға соқты.

 

- Жанкүйерлерге алаңдап жатқандары үшін алғыс айтамын. Команда таралып кетпейді деп мәлімдеймін. Бастапқы кезден-ақ бізде 8 тәрбиеленуші бар. Оның төртеуі ұжымнан кеткісі келеді деген ақпарат туралы айтсақ, жігіттермен келіссөз жүргізілуде. Екеуі маусым соңына дейін қалады деп шешті, - деді «Ertis -Павлодар» ХК директоры Жұмабай Ахмутинов

 

Облыстық басқармада оңтайландырудан өткен қаражат балалар спортына жұмсалатындығын жеткізді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 60 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді деп жоспарлануда.