2027 жылдан бастап ер адамдар бала күтімі бойынша жәрдемақыдан қағылады
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалы отбасыларға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Ер адамдар бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы ала алмайды деп хабарлайды irbistv.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы тек әйелдерге төленеді. Ал ер адамдар енді бұл төлемді ала алмайды.
Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметтің айтуынша, әлеуметтік аударымдары төленген жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді бұрынғыдай ала береді. Ал бала күтіміне берілетін төлемнің мөлшері бұрынғы табыстың 40%-на тең. Ол бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді.
Бұл төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты ескерілмейді. Яғни, қажетті әлеуметтік аударымдары төленген жұмыс істейтін әйелдер отбасының табысы мен тұрмыс деңгейіне қарамастан төлем ала алады.
Жұмыс істемейтін әйелдерге жәрдемақы қалай тағайындалады?
2027 жылдан бастап жұмыс істемейтін және әлеуметтік аударымдары жоқ әйелдерге МӘСҚ есебінен төлем берілмейді. Олар бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыны, сондай-ақ отбасы мемлекеттік көмекке мұқтаж деп танылған жағдайда, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған жәрдемақыны ала алады.
Егер отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж болмаса, әйел еңбекке қабілетті әрі денсаулығында кінәрат болмаса, ал жақындарының табысы күнкөріске жеткілікті болса, оған бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындалмайды.
Депутат Ләззат Қожахметтің сөзінше,, қазір тұрмысы жеткілікті отбасылар санатындағы 30 мыңнан астам қазақстандық әйел осындай төлем алып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда декреттік төлемдер енді жаңа тәртіппен тағайындалатыны туралы жазған едік. Жаңа тәртіп бойынша табысын қолма-қол алатын азаматтар оны кассалық чектер немесе арнайы мобильді қосымшадағы мәліметтер арқылы растауы керек. Сонымен қатар әлеуметтік салықтың төленгені мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының аударылғаны да ескеріледі. Ал табыс көлемі өзгерсе, оның дұрыс екені салық декларациясындағы деректермен салыстыру арқылы тексеріледі.
