Алимент алушыға ақшаны қайда жұмсағаны туралы есеп беру міндеттелмек



Елімізде енді алимент алушы төлеуші тарапқа қаражатты қайда жұмсағаны туралы есеп беруі мүмкін. Ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық бұны заң жүзінде міндеттеуді ұсынды. Айтуларынша, ақшаны балаға емес, өз керегіне жұмсайтындар бар екен деп хабарлайды irbistv.kz. тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандағы ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық мүшелері төленген қаражаттың орынымен жұмсалғанын қалайды. Сол себепті алушы тарап ақшаның қандай мақсатқа кеткені жайлы есеп беруі тиіс дейді. Аталмыш жобаны “Неке және отбасы туралы” кодекске енгізіп, ай сайын жазбаша есеп беруді міндеттеу керектігін ұсынды.

"Заң бойынша алимент балалардың қажетіне, олардың оқуына, түрлі үйірмелерге жұмсалуы тиіс. Бірақ бұл қаражатты балаға емес, алушы тарап өздеріне жұмсайтын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, бала ақылы балабақшаға немесе үйірмеге бармайды. Керісінше анасы жеке қажеттіліктерін алып, тіпті, шетелде демалатындар бар. Бұл нені білдіреді? Әрине, алимент балаға емес, оның анасына жұмсалып жатыр деген сөз. Мәселен, біздің топта 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін алимент төлейтіндер бар. Олардың дені - ақшаның қайда кетіп жатқанын білгісі келеді", - деді "Маскулизм" ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық өкілі.


Елде егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алимент төлеу тәртібі мен мөлшері туралы келісім болмаса онда неке және отбасы туралы Кодекстің 139-бабына сәйкес сотпен төлеу қарастырылған. Мәселен, бір балаға борышкердің еңбекақысының төрттен бір бөлігі, ал екі балаға – табысының үштен бірі алынады. Ал, үш және одан да көп балаға алимент төлейтін адам айлық кірісінің тең жартысын бөліп береді.