Елімізде дене салмағы төмен сәбилердің өмір сүру деңгейі 4 есе өсті
17 қарашада бүкіл әлемде 2009 жылы Еуропалық жаңа туған нәрестелерге күтім жасау қоры (EFCNI) құрған шала туған нәрестелер күні атап өтіледі деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі Қр Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Әлемде жыл сайын 15 миллион нәресте шала туады, бұл барлық жаңа туған нәрестелердің шамамен 10%-ын құрайды. Қазақстанда жыл сайын 20-22 мың бала мерзімінен бұрын туады, бұл барлық туған сәбилердің шамамен 5%-ын құрайды. Жүктілігі 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан кем туған бұл балалар ерекше назар мен күтім жасауды қажет етеді.
Қазақстанда қазіргі заманғы тиімді перинаталдық технологиялар дене салмағы 500 грамнан және салмағы 1000 грамнан төмен жаңа туған нәрестелерге сәтті күтім жасауға мүмкіндік береді.
Елімізде заманауи жабдықтармен жабдықталған жоғары мамандандырылған кешенді көмек көрсету үшін 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Мемлекет басшысы тапсырмасының шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарлануда.
Шала туған нәрестелерге күтім жасау процесі неонатологтарды, анестезиолог-реаниматологтарды, мейіргерлерді және басқа да бейінді мамандарды қоса алғанда, медицина қызметкерлерінің барынша назары мен біліктілігін талап етеді.
Мерзімінен бұрын босанудың себептері әртүрлі. Бұл кеш жүктілік, экстрагениталды патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары, генетикалық бейімділік, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер және басқалар.
Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация және қарқынды терапия дамып келеді, неонатологтар жыл сайын ел ішінде де, шетелде де оқытылады. 2023 жылы әрбір жаңа туған нәрестенің өмірін сақтауға бағытталған неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.
Соңғы 15 жылдың ішінде (2008 жылдан 2023 жылға дейін) Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді: нәресте өлімінің көрсеткіші 3 есе, неонаталдық өлім 3,3 есе төмендеді, ал дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Бұл нәтижелер Орталық Азия елдерінің арасында үздік болып табылады.
фото: Freepik.com