Павлодар облысында үйінің маңына күл төккен тұрғын жазаланды
Павлодар облысында үйінің ауласына күл төгіп, абаттандыру ережелерін бұзған тұрғынға қатысты әкімшілік шара қолданылды. Құқық бұзушылық полиция қызметкерлерінің рейді кезінде анықталған, деп хабарлайды irbistv.kz.
Полиция қызметкерлері рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастайтын, құрылыс қалдықтарын төгетін және лас су ағызатын азаматтарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе, заңсыз қоқыс үйінділері пайда болатын аумақтарға ерекше назар аударылуда.
-Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде орналасқан мекемелердің бірінің иесі аумағында қоқыстың жиналуына жол берген. Ал Ертіс ауданына қарасты Голубовка ауылында тұрғын өз ауласының сыртына, ортақ пайдаланылатын жерге күл төккен, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінде.
Аталған деректер бойынша құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында абаттандыру ережелерін бұзудың 6 мыңнан астам дерегі анықталған.
