Қазақстан спортшыларының Олимпиадада киетін киімі таныстырылды

 

 

Туризм және спорт министрлігі Париж Олимпиадасына арналған киім үлгілеріне конкурсы жеңімпазын анықтап, эскиздерді жария етті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Қазақстан Ұлттық құрамасының Париж Олимпиадасына арналған киім үлгілеріне конкурс аяқталып, комиссия мүшелерінің шешімі бойынша 3 номинацияда («Спорттық форма», «Салтанатты спорттық форма», «Ту ұстаушылардың спорттық формасы») жеңімпаздар белгілі болды.

 

Бірінші кезеңде 15 қатысушы жұмыс материалдарын 15 сәуірге дейін ұсынған болатын. Екінші кезеңде 16-17 сәуір күндері ұсынылған жұмыс материалдарын арнайы комиссия қарады.

 

-Азия ойындарынан кейін бірқатар сұрақ туындаған болатын. Соның негізінде БАҚ өкілдеріне, қоғамдық ұйым, спортшылардан арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеді. Ең бірінші нұсқа — Ту ұстап шығатын Асланбек Шымбергенов пен Надежда Дубовицкаяның киімі. Екеуі де ұлттық нақышта тігіледі. Ер адамның киімінде бөрік болса, қызда сәукеле бар. Арнайы комиссияға 15 ұйымның өтінімі түсті. Сол 15 өтінімнен таңдап алынды. Ал қалған спортшыларымыз парадқа киіп шығатын форма классикалық үлгіде болады. Ол кезде Парижде 40 градусқа дейін ыстық болатынын білесіздер. Ауаның ылғалы да жоғары. Сондықтан арнайы матадан жеңсіз нұсқасы тігіледі. Ер спортшылардың басында тақия, қыздар формасының бір үлгісінде шалбар, екінші нұсқасында юбка болады. Екі нұсқасы да болады, — деді Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

 

 

Жұмыс тобының қатарында 18 адамнан құралған Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, белгілі спортшылар және БАҚ қызметкерлері болды.

 

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі