Қазақстанда медициналық талдау нәтижелері бір жерде сақталады
Бүгін Құрылтайда қаралған заң жобасы аясында медициналық және зертханалық ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді бірыңғай электронды қоймада сақтау көзделген.
Осы мақсатта биыл шамамен 23 мемлекеттік ақпараттық жүйені және жекеменшік медициналық ақпараттық жүйелерді бірыңғай деректер қоймасына біріктіру жоспарланған. Ал жүйені толық іске қосу келесі жылға жоспарланып отыр.
"Жүйе іске қосылғаннан кейін пациент қай медициналық мекемеге барса да, мейлі ол жекеменшік клиника немесе мемлекеттік аурухана болсын, денсаулығына қатысты барлық мәліметті бірыңғай электронды қоймадан алуға рұқсат бере алады. Рентген, КТ, МРТ нәтижелері де сонда сақталады. Дәрігер пациенттің келісімімен жүйеге кіріп, бұрынғы тексерулердің нәтижелерін көре алады", – деді Сұлтанғазиев Құрылтайда өткен брифингте.
Айта кетері, пациент алдағы уақытта өзінің жеке медициналық деректеріне кімнің және қанша уақыт қол жеткізе алатынын өзі шешеді. Сонымен қатар жүйе деректерге кімнің және қандай мақсатпен кіргені туралы пациентке хабарлама жіберіп отырады.

