Қазақстанда Тик-Ток желісіне шектеу қойылуы мүмкін

 

 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі kz.kursiv.media порталына сілтеме жасап.

 

- «Tik-tok» бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады, –деді Аида Балаева.

 

Министр БАҚ өкілінің Tik-tok желісі елдімізде мүлдем жабыла ма деген сауалына жауап берді.

 

-Бұл әлі шешілген дүние емес. Әлі қарастырылады және жалпы талқылауда қарастырылатын сұрақ, –деп жауап берді министр Мәжіліс кулуарында.

 

Еске салайық бұған дейін Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

 

Фото: Freepik.com