• Басты бет
  • Қазақстан
  • Қазақстанда тұрғын үйді жер сілкінісі мен су тасқынынан міндетті сақтандыру енгізілмек

Қазақстанда тұрғын үйді жер сілкінісі мен су тасқынынан міндетті сақтандыру енгізілмек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк Қазақстанның сақтандыру нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті.

Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – сақтандыруды азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржылық қорғау құралына айналдыру.

Тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру қалай енгізіледі?

Бағдарламадағы маңызды бастамалардың бірі – тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандырудың жаңа жүйесін енгізу.

Атап айтқанда, тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өртінен сақтандыру көзделген. Жаңа жүйе кезең-кезеңімен іске қосылады. Алдымен үш облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, кейін апатты тәуекелдерге бейім 16 облысты қамту жоспарланып отыр.

Жүйенің негізгі мақсаты – табиғи апат салдарынан үйі бүлінген немесе баспанасынан айырылған азаматтарға қаржылық көмек көрсету.

Сақтандырудың жаңа түрлері пайда болады

Бағдарлама аясында ерікті сақтандыру қызметтерін де кеңейту көзделген. Атап айтқанда, азаматтарға денсаулығын қорғау және болашақта қосымша зейнетақы табысын қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынылады.

Ерікті медициналық сақтандыру міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша құрал ретінде дамытылады. Сондай-ақ кепілдендірілген, инвестициялық және аралас зейнетақы аннуитеттерін енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, шетелдік туристерді медициналық сақтандыру, агросақтандыру, жылжымайтын мүлікті өрттен сақтандыру және кәсіпкерлердің жауапкершілігін сақтандыру бағыттарын кеңейту мүмкіндігі қарастырылады.

Сақтандыру төлемдерін онлайн алуға болады

Жаңа бағдарлама сақтандыру қызметтерін цифрландыруды да қамтиды. Енді ерікті сақтандыру шарттарын электронды түрде рәсімдеу және сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу мүмкіндіктерін дамыту көзделген.

Сонымен қатар сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстыруға мүмкіндік беретін маркетплейстерді дамыту жоспарланып отыр. Бұл азаматтарға сақтандыру өнімдерінің шарттарын салыстырып, өзіне қолайлы нұсқаны таңдауға көмектеседі.

Сақтандыру агенттеріне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Олар бірнеше сақтандыру компаниясымен қатар жұмыс істей алады. Алайда агенттер арнайы оқудан өтіп, кәсіби біліктілігін жыл сайын растауы керек.

Сақтандыру нарығына шетелдік компаниялар келуі мүмкін

Бағдарлама аясында Қазақстан нарығына шетелдік сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының филиалдарын тарту рәсімдерін жеңілдету қарастырылған.

Бұл ретте шетелдік компаниялардың қаржылық тұрақтылығы, кредиттік рейтингі және қадағалау органдарымен ақпарат алмасу мүмкіндігі ескеріледі. Нарыққа жаңа қатысушылардың келуі бәсекелестікті арттырып, сақтандыру өнімдерінің түрін көбейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған сақтандыру өнімдерін кеңейту, исламдық сақтандыруды, соның ішінде такафул жүйесін дамыту жоспарланған.

Агенттік мәліметінше, бағдарламаның 18 стратегиялық бастамасының 12-сін заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланып отыр. Олар "Сақтандыру нарығы туралы" жаңа заң жобасына енгізіледі. Құжатты жыл соңына дейін Қазақстан Құрылтайының қарауына ұсыну көзделген.