Қытайда көліктердің бағасы жыл басынан бері арзандауда

Электрлі көліктердің құны орта есеппен 1,5 миллион теңгеге түскен деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі Stan.kzақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайдағы жеңіл көліктер ассоциациясы 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында көліктердің қаншалықты арзандағанын есептеп көрді.

2024 жылдың алғашқы 9 айында Қытайда 195 модельдің бағасы түскен. Ал 2023 жылы тек 150 модель арзандаған екен.

Қауымдастықтың мәліметіне сәйкес, 2024 жылы көбіне электрокар мен гибридті көліктер арзаған. Сонымен қатар жанармай тұтынатын көліктер легі де арзандай түскен. 69 электрокар моделі орта есеппен 1,5 миллион теңгеге, гибридті қозғалтқышы бар 29 модельдің бағасы 1,6 миллион теңгеге, бензинмен жүретін көліктердің бағасы орташа 1 миллион теңгеге төмендеген.

Көлік өндірушілер жылдың алғашқы жартысында бағаны жиі ауыстырған екен. Сонымен қатар Жаңа жыл қарсаңында түрлі жеңілдіктер мен дисконттар арқылы клиент тартқысы келетіндердің саны одан әрі артады деп болжанып жатыр.

Ал сарапшылар жазда Қазақстанда қытайлық жеңіл көліктер сатылымының рекордты көрсеткішін тіркеген еді. Шілдедегі статистика бойынша бір жылда сату көлемі 130 процентке өскен. Оған себеп – баға мен сапаның сәйкестігі. Қытайлық брендтер өзінің құнының арқасында қазақстандық көлікқұмарлар үшін таптырмас нұсқа болып отыр.

Фото: Freepik.com