• Басты бет
  • Әлем
  • Қазақстанның қай стартап жобалары әлем елдерінде табысқа жетті

Қазақстанның қай стартап жобалары әлем елдерінде табысқа жетті

 

Отандық IT саласы жыл сайын қарқын алып, дамып келеді. Бұған дейін қазақстандық бірнеше IT стартап Силикон алқабына жолдама алғанын белгілі. Осы орайда, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі табысқа жеткен стартаптар жайында Kazinform агенттігіне егжей-тегжейлі мәлімет берді.

 

«Отандастарымыздың стартаптары ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. Мәселен, Орталық Азияның барлық елі үшін үлкен жетістікке айналған Citix қазақстандық технологиялық стартап болды. 2023 жылдың желтоқсанында компания Baidu, Tesla және SpaceX компанияларына инвестиция салған Тим Дрейперден 1 млн доллардан астам қаржы тартты. Smart City және adTech салаларында жұмыс істейтін Citix Алматы мен Астанада 130 смартбордтан тұратын желіні блокчейн технологиясымен басқарып отыр. 2022 жылы компания түрік нарығына шықты, ал 2023 жылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймақтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды», — делінген министрлік ақпаратында.

 

CodiPlay стартапы жаһандық аудиторияға бағытталған қазақстандық EdTech жобаларының бірі саналады. Жақында CodiPlay БҰҰ Бас хатшысы қолдайтын бастама Digital Public Goods Alliance (DPGA) тарапынан цифрлық қоғамдық игілік ретінде танылды. CodiPlay балалар арасында IT саласындағы сауаттылықты арттыруға арналған кешенді шешімді ұсынады. Сонымен қатар, 2024 жылдың басында стартап Artificially Intelligent Learning Assistant (AILA) компаниясымен стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол жеткізді. Осы келісім аясында балалардың IT саласындағы сауаттылығын арттыруға арналған қосымша Сауд Арабиясының 200 мектебінде енгізіледі.

 

Alaqan стартапы алақан тамырларының биометриялық танымын қолданатын контактісіз төлем жүйесін әзірледі. 2020 жылдан бастап жоба Alaqan Pay, Alaqan Mektep және Alaqan HR деген үш өнімді ұсынды. Бүгінде Alaqan-ның 100 мың белсенді пайдаланушысы бар және осы жүйе арқылы айына 1,2 миллион сәйкестендіру жасалады. Қазір оның 300 мың доллар инвестициясы бар. Кремний алқабында акселерациядан өткен стартап қазіргі кезде Қазақстандағы бір мектепте табысты қолданылып келеді. Жоба мамандары оны елде және шетелде одан әрі кеңінен таратуды жоспарлап отыр. Қазір жобаға Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдері және Түркия қызығушылық танытты. Бұл елде жүйені 500 клиникаға енгізу жоспарланған.

 

Grand Mobile — мобильді ойын. Жоба мобильді онлайн ойын индустриясының көшбасшысына айналды және App Store мен Play Market рейтингтерінде жиі жоғары орындарға шығып тұрды. Тек 2024 жылдың соңғы тоқсанында ойын чарттарда үш рет бірінші орынға шығып, ойынды жүктеу 55 млн-ға жеткен. Ай сайын ойынды 5 млн-нан астам бірегей пайдаланушы ойнайды, ал белсенді аудиторияның өсуі ай сайын 35%-ға артып келеді. Компания ойынды бірнеше тілге аударуды және 2024 жылдың соңына дейін белсенді аудиторияны екі есеге арттыруды, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша әртүрлі ойын қауымдастықтарын құру үшін жаңа серверлерді іске қосуды жоспарлап отыр.

 

CerebraAI стартапы инсульт диагнозын қою үшін жасанды интеллект және нейрорадиология саласына бағытталған. Былтыр стартап АҚШ-тағы TechCrunch нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік стартаптардың бірі ретінде танылды және Stanford University жанындағы StartX кәсіпкерлер клубына кірді. CerebraAI 130 мыңға жуық сканерлеуді жүзеге асырды, ал белсенді пайдаланушылар қатарына 700-ден астам невролог кіреді. Стартап Stanford University нұсқасы бойынша 2023 жылдың ең үздік Digital Health жобасы болып танылды, Intel Software ұйымдастырған AI стартаптар олимпиадасында гран-при жеңіп алды және көптеген басқа халықаралық марапаттарға ие болды.

 

OGames — бүкіл әлемге Car Parking Multiplayer жобасымен танымал қазақстандық мобильді ойындар студиясы. Ойын автосимуляторлар чарттарында көш бастап келеді және Android, iOS және Nintendo Switch платформаларында бүкіл әлем бойынша 100 млн-нан астам рет жүктелген. 2016 жылы құрылған компания небәрі бірнеше жыл ішінде өз жобасының инновациялық тәсілі мен сапасы арқылы Қазақстан мен шетелдік аудиторияны, соның ішінде АҚШ, Азия, Оңтүстік Америка және Еуропаны қызықтыра алды.


Мұнымен қоса, Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ArlanBiotech — қазір қолданыстағы технологиялардың ішіндегі ең жылдам және арзан AI негізіндегі наноденелерді генерациялау және өндіру бойынша жаңашыл технология. Қазіргі кезде стартап Google for Startups және Astana Hub-тан Silkway Accelerator акселерациялық бағдарламасын сәтті аяқтады. Arlan Biotech Astana Hub-тан 20 000 доллар көлемінде қаржыландыру алды, сондай-ақ pre-seed раундында БАӘ қорынан 200 000 доллар инвестиция тартты. Стартап коронавирусқа қарсы тұратын наноденелердің реттілігі туралы екі қазақстандық патентке және антигендік тесттерді әзірлеу патентіне ие.

 

Бұдан бөлек, Higgsfield AI жобасы — жасанды интеллект негізіндегі бейне жасау және өңдеу платформасы. Платформа анағұрлым жеке әрі дараланған қолданбаларға арналған. Қазіргі кезде стартап 8 млн доллар тартты. Pre-seed раундындағы негізгі инвестор АҚШ-тың ең көне венчурлық қорларының бірі — Menlo Ventures болды. Higgsfield AI мәтінді бейнеге айналдыруға арналған Diffuse мобильді қосымшасын ұсынып отыр.

 

Jet — ол халықаралық стартап және электр самокаттарын минуттық жалға беру қызметінің онлайн және офлайн операцияларын біріктіреді. Стартап Қазақстан, Беларусь, Армения, Грузия, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан және Бразилия нарықтарында белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, паркте 35 000 самокат бар, ал сапарлар саны 27 миллионға жетті. 2023 жылы Jet AIX-те 3 миллиард теңге көлемінде облигациялар орналастырды.

 

Verigram — computer vision саласындағы Қазақстанның алғашқы стартаптарының бірі. Компания 2017 жылы пайда болды және нарықта жасанды интеллект көмегімен биометриялық сәйкестендіру жүйесімен танымал. 2022 жылы Verigram Сингапур мен Вьетнамда өз кеңселерін ашты.

 

ApartX — тәулікке жалға берілетін жылжымайтын мүлік иелеріне арналған мобильді қосымша. Қосымша объектілерді қашықтан және қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді. Қазір ApartX ұсынған мүмкіндікті 50 000 адам белсенді пайдаланып жатыр, ал ондағы пәтер қоры 1500-ге жетті. Стартап Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Түркия нарықтарында жұмыс істеп келеді. Жоба AirBnB және Booking.com сияқты әлемге танымал жалға беру платформаларына интеграцияланған.

 

Parqour — автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін тану технологиясы бойынша тұрақтарды автоматтандыруға арналған кешенді шешім. Parqour Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Швейцария, Индонезия, Өзбекстан, Польша, Ұлыбритания, Тәжікстан және Әзербайжан нарықтарында белсенді. Жобаны Канада, АҚШ және Еуропаның венчурлық қорлары 3 млн доллар көлемінде қаржыландырды.

 

Фото: Freepik.com